Көзімнің қарашығы…

13.06.2018 05:32
35063593_1915014538518245_7213501198307950592_n

Көз – сезім  мүшелерінің ішіндегі ең сезімтал, құрылымы жағынан ең күрделі ағза. Халқымыздың ет бауыры  баласына, аяулысына қаратылып айтылатын «көзімнің қарашығындай» деген тіркесі осыны  аңғартса  керек. Ғибраты мол, ғажайып  әлемнің миллиондаған түспен  түрленген бай  реңктерін ажыратып, түйсікпен  тілдесе қызмет еткен жасындай жарқыраған  қос  жанарың қырағылығынан айрылып, таңаудың  астындағыны  аңғармаған кезде зағип  жандардың  астан-кестен  болған жарым-жан  дүниесін  түсінгендей  болсың. Бүгінде көздің қуатын сарқыған компьютер, қалта телефондары  мен планшеттен бойды таса ұстау үлкенге  де, кішіге  де мүмкін болмай  тұр. Себебі, заман  талабы  сондай. Кешқұрым қос жанарың  ұясынынан шығып  кетердей суырылып ауырған кезде еріксіз «Көзілдірігіңізді клиника ішінде тастап кетесіз» немесе «алғашқы сеанстан-ақ Сивцев кестесінің бұрын-соңды бұлыңғыр тартқан екі қаріп қатарын анық көретіндей халге жетесіз» деген жалаулатқан жарнамасы көз  алдына келеді. Осы сәтте күпті ойлар қылаң беріп, сенер-сенбесімізді білмей абдырап қалатынымыз жасырын емес.    Ендеше көңілдегі күдікті сейілту мақсатында «Ұлттық Ғылыми Медицина Орталығы» АҚ-мы «Көздің микрохирургия бөлімінің» жоғары  санаттағы  офтальмологы, PHD докторы – Мәншүк Хайлулиллақызы Елтоқованы әңгімеге тарттық.  

  • Жуырда жаһан дәрігерлері дабыл қақты. Әлемде көзәйнек киген адамдардың саны еселеп артқан. Біздің еліміздегі жағдай қандай? 
  • Қазақстан жаһандану процессінің ажырамас бір бөлігі болған соң, адамзатқа тән проблемалардың барлығы бізден айналып өте алмайды. Өркениеттің өрісі кеңге құлаш сермеуде. Демек, жаңа технологиялардың дамуы адамдардың өмірін жеңілдеткенімен, екінші жағынан денсаулығына  кері әсерін  тигізуде. Компьютер, смартфон басқа да техниканы асыра пайдалану көзге зиян екендігін екінің бірі біледі. Қайталап айта  берудің нәтижесі шамалы. Таптаурын болған мәселе деп ойлаймын. Смартфонға деген тәуелділіктен құтылу үшін адам өзі іштей күресуі керек. Дабыл қағып,  ел болып  назарға  алатын  офтальмологиядағы  күрделі мәселелердің бірі –  көру қабілеті нашарлаған бүлдіршіндердің  қатары жыл сайын көбейіп келеді.  Бүгінде балалардың қолында ойыншық  емес, өкінішке  орай қалта телефоны жүреді. Нәтижесінде  екі көздің жанары   алыстан көре алмау (миопия) ауруына шалдығады.  
  • Копьютер, смартфондарды  шектен тыс пайдаланатын адамдар көз ауруларының   қандай түрлеріне душар  болуы мүмкін? 
  • Кейбір адамдар компьютерде 24 сағат отырса да көздеріне зақым келмейді. Себебі олардың иммунитеті мықты. Деседе, көру қабілеті мониторға  беріксіз жандардың қатары  сирек.  Сол  себепті «сақтықта қорлық жоқ» демекші көзәйнекке тәуелді болмау үшін қарапайым қағидаларды ұстану  қажет. Үнемі бір жерде тапжылмай  отыра беруге болмайды. Арасыда денеңізді ширататын жеңіл-желпі  жаттығуларды  жасап  тұру керек. Өйткені, қан желкені өтіп,   көзге барады. Демек қан айналу процессі қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұруы қажет. Тамақтану  тәртібін де қаперде ұстаған жөн. Бүгінде глютамат сынды химиялық заттар  тағамдарға көп қосылады. Көзді уақытылы қажетті дәрумендер қуаттандырып   тұрса, оның  жұмыс істеу қызметі де  арта түседі. Сонымен  бірге, тұрмыстық химиялық заттарды қолдану тәртібін ұстанған абзал.  Көз  ауруларын алғашқы кезеңінде қолға алып, дәрігерге қаралсаңыз тез жазылып кету мүмкіндігі басым. Дәрі-дәрмек, технологияның  арқасында пациенттеріміз тез сауығып кетіп жатыр.
  • Бүгінде жеке меншік клиникалар тумысынан көзәйнекке тәуелді  болған жандарға ота  жасап, 100 пайыздық көру қабілетін қалпына келтіріп жатыр. Сұранысқа ұсынысы дайын  тұратын нарықтық заманда майдан  қылды  суырып  алғандай етіп, мықты дәрігердің қолына түсу үшін қандай негізгі  факторларға  көңіл  бөлу  керек?

 

  • Көз – адамның айнасы. Адамның миымен жалғасқан мүшесінің бірі де осы көз. Адам баласы шыр етіп дүниеге келгеннен бастап көзінің қарашығы, мөлдір қабығының түсі әр түрлі болады. Бұдан қос шырақтың бағасын, оның қадір-қасиетін бағамдау қиын емес. Адамның қос жанары – табиғаттың бізге берген өлшеусіз сыйы. Ендеше көздің адам ағзасында алар орны ерекше. Сондықтан ота жасату алдында клиниканы, хирургты тексеріп алу қажет. Дәрігердің еңбек өтіліне, жеткен  жетістігіне аса  мән  берген жөн. Айта кету керек, бүгінде адамдардың  көзі ашық, көкірегі ояу.  Диагноздың барлық түрлерін интернеттен  оқып, біліп отырады. Дегенмен тәжірибиемде жеке меншік медицина орталығында сапасыз жасатқан лазерлік отадан кейін орны  бітпей,  күйік шалған науқастарды емдедік. Абырой болғанда, ондайлардың қатары аз.
  • Кезінде катаракта, глаукома сынды диагноздар емделмейтін. Заманауи  технологиялардың  арқасында бүгінгі медицина көзге  протез жасап, тың  тәсілдерді қолданып жатырсыздар. Бұл ретте «Ұлттық Ғылыми Медицина Орталығы» АҚ –мы су қараңғылыққа жетіп, үміті үзілген науқастарға  қандай жаңа қызмет  түрлерін  ұсынбақ?

 

Офтальмология – медицинадағы қас-қағым  сәтте дамып отырған сала.   «Ұлттық Ғылыми Медициналық Орталық» АҚ-дағы «Көздің микрохиругия бөлімі» халықарлық білі мен тәжірибесі бар мамандармен жасақталған.  Біздің клиника – көз  ауруларына тың  технологиялар  арқылы күрделі  оталарды  жасайтын бірегей орталық. Жалпы адамның ағзасы бір-бірімен жалғасқан. Сол себепті көзге қарап адам бойындағы барлық ауруларды, әсіресе, бел, асқазан, диабет, демікпе, қаннан берілетін аурулар, иммунитет күшін т.б. ауруларды анықтауға болады. Бұл  ретте ғылыми орталықта жасушаны трансплантациялау әдісі  бар  екенін білесіздер. Біздің бөлім осы саламен тығыз байланыста. Нәтижесінде диабет сынды бірден көзге шабатын кеселді дер  кезінде ауыздықтау мүмкіндігіне ие болдық.

Бүгінде дүние жүзі офтальмологтарын су қараңғылық (глаукома) алаңдатып  отыр. Осы дертпен күресудің жолдарын қарастыру үшін жыл сайын Еуропалық Конгресс өтеді.  Бұрындары глаукома қарттықтың белгісі  ретінде қабылданса, бүгінде бұл  ауру түрленіп, жасарып  келеді. Демек, жасына  жетпей көзден кәріп болған жас  пациенттеріміз алдымызға жиі келетін  болды. Мұндай құбылыстың  белең  алуына көп  жағдайда  дипрессия,  экологияның нашарлауы  әсер  етуде. Өкінішке орай, күнделікті күйбең тірлікте күйзеліске душар  болмайтын адам аз. Дегенмен, бұл сырқаттың да асқынған түрін емдеп жатырмыз. Сондай-ақ,  көздің ішіндегі бұршақтың  қартаюы (катарактаны) да емдеудің жолдары табылды. Рефракциялық хирургияның арқасында катарактаны жоюмен  қатар науқастың  көру қабілетін 100 пайызға дейін жақсартамыз.

  • Көзге отаны тегін жасатудың жолдары  бар ма?

 «Ұлттық ғылыми медициналық орталығына» науқастар елміздің түпкір-түпкірінен келеді. Көбінесе бізге облыстық деңгейде  дертіне  дау таппаған жандар қаралады. Әлеуметтік жағдайы ақылы ота жасауға мүмкіндігі жетпеген адамдар тұрақты  мекен-жайы бойынша окулистке  қаралып, қажетті құжаттарды жинап, порталға кезекке тұруы  қажет. Өз  кезегінде біздің дәрігерлер науқстың диагнозын зерттеп,  белгіленген  уақытта мемлекеттік  тапсырыс бойынша отаны   тегін жасайды.

  • Көздің күрделі құрылымын құрылғылар арқылы 100 000 есе үлкейтіп көріп, оны жіті зерттеген мамансыз. Жаратылысы бөлек қос жанардың ғажайып мүмкіндіктеріне дәрігер ретінде таң қалтын  сәттеріңіз бол  ма?

 

  • Қоршаған әлем туралы ақпараттың   90%-ға жуығын көз арқылы қа­былдаймыз.  Адам денесіндегі өзге бұлшық еттермен салыстырғанда, өте жылдам қозғалатыны да осы көз бұлшық еттері. Ал, қасаң қабақ ақуызы мен көз бұршағы 70 градусқа дейінгі температураға төтеп береді. Тіпті, бала дүниетанымының кең болуы да оның көру қабілетіне байланысты. Осылайша қос жанардың қасиеті тізбектеліп кете береді.  Оны зерттеген сайын әлі де адамзаттың  алдында көздің зерттелмеген қыр-сыр бар  екендігін ұғынамын.

 Сұхбаттасқан: Лаура Бекжігіт.

КЕРІ ҚАЙТУ