ҰҒМО-да күрделі нейрохирургиялық ота жасалды

Ұлттық ғылыми медициналық орталығында Қазақстан Республикасының бір де бір клиникасында жасалмаған күрделі нейрохирургиялық ГИБРИДТІ ОТА жасалды.
40 жастағы науқаста сол жақ төбе аймағының Артериовенозды мальформациясы, Spetzler-Martin бойынша 3 градация диагнозы қойылған, бұл туа пайда болған ми-тамыр ақауы.
Бұрын науқас өзінде аталмыш патологияның бар екенін білмеген. Артерия мен вена бір-бірімен капилляр арқылы жалғасуы керек, бірақ бұл науқаста артерия мен вена тікелей қосылып кеткен нәтижесінде осындай мальформация пайда болған. Бұл бас миының геморрагиялық инсультіне әкелетін ең жиі кездесетін себептердің бірі. Сондықтан да, адам өміріне өте қауіпті болып саналады.
Науқас 2021жылы 24 сәуір күні бастағы Артериовенозды мальформация жарылуының нәтижесінде геморрагиялық инсульт алған. Жедел түрде Шымкент қаласының ауруханасына жеткізіліп, МРТ, КТ жасаған кезде дәрігерлер миындағы ақауды анықтаған. Салдарынан беті қисайып, оң жақ қол-аяғында әлсіздік пайда болған. Орталыққа түскен кезде науқас бас ауруына және оң жақ қол-аяғының әлсіздігіне шағымданды.
Қазақстанның клиникаларында Артериовенозды мальформацияны науқасты екі рет отаға алып жасайды, біздің нейрохирург дәрігерлер 2 этапты отаны бір мезетте өткізді: рентгенэндоваскулярлы жолмен сол төбе аймағының Артериовенозды мальформациясын эмболизациялап, ашық хирургиялық операция жолымен сол төбе аймағының Артериовенозды мальформациясын кесіп алды.
16 сағатқа созылған ота сәтті аяқталып, қазіргі уақытта науқас оңалтудан өтіп жатыр. Бір аптадан соң оны ауруханадан шығару жоспарланған.
Отадан кейін науқастың қайта инсульт алу қауіпі 100 пайызға дейін төмендейді.
Отаны медицина ғылымдарының докторы, профессор, нейрохирургия бөлімінің жетекшісі Серік Дүйсенбі және нейрохирург Нұртуған Дәуіржан жасады.
Айта кету керек, артериовенозды мальформацияны микрохирургиялық жолмен кесіп алу Қазақстан бойынша тек екі-ақ клиникада жасалады. Соның бірі «Ұлттық ғылыми медициналық орталық».