Астанада жаңа үлгідегі онкология орталығы ашылмақ

9.07.2018 06:36
4

2018 жылғы 5 шілде күні ҚР Президенті Н.Ә.Назарбев  Астанадағы «Ұлттық  ғылыми медицина орталығы» АҚ жанынан қараша айында халыққа қызмет  ете бастайтын «Томотерпия және ядролық медицина орталығы», сондай-ақ генетикалық зертхананың жұмысымен танысады.  Бұл жоба ҚР  Президенті Н.Назарбаевтың «Әлеуметтік-экономикалық  жаңғыру – Қазақстанның  басты бағдары» атты  Қазақстан  халқына Жолдауы аясында іс жүзіне асты.

Инновациялық  технологиялармен жабдықталған  ғимаратта обыр  ауруына  шалдыққан науқастарға  халықаралық деңгейдегі жаңа үлгіде қызмет түрі көрсетілмек.  Демек,  орталықта ересектер  мен балалар  кешенді сәулелі терапия арқылы емделетін болады.

Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, Томотерапиядағы жоғары  технологиялық  радиотерапевтік  жүйе  қатерлі ісікті ауыздықтап, науқастың өмірін  бес жылға  дейін ұзартпақ.  Сонымен қатар, бірегей спиральді режим көршілес  тұрған ағзаларды зақымдамай,  кез-келген деңгейдегі  ісікті  оқшаулап, асқынуына жол бермейді.

Күніне бұл аппаратта 50-ге жуық пациент ем  қабылдайды. Сәулелі терапия обырды емдеп, метастаза жайлаған ағзаны  сауықтырады.  Елімізде теңдесі жоқ Томотерапия орталығы ауыр кеселге душар болған науқастардың дертіне  дауа болары анық.  Жалпы технологиялық  қуаттылығы мен  мүмкіндігі жағынан жабдықталған мұндай кешендер Еуроодақ, АҚШ, Түркия, Үндістан және басқа да  мемлекеттерде бар.

Онкологиялық орталықта қызмет көрсететін (радиологтар, медицина физиктері, операторлар)  мамандар Үндістандағы Дели қаласының көпсалалы «Mеdanta – TheMedicity» клиникасында,  сонымен бірге, АҚШ, Еуропа елдерінде арнайы курстардан дәріс  алып жатыр.

Сонымен бірге, Елбасы Ұлттық ғылыми медицина орталығының қабырғасында салынған   «Генетикалық зертхананың» ашылуына қатысады.

Бұл жоба  Қазақстан мен Қытай арасындағы   «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасы аясында  жүзеге асырылды.   «Ұлттық ғылыми медицина орталығы» АҚ  мен (ҚХР) «Биокапитал» корпорциясы арасында  ынтымақтастық Меморндумына қол қойылған  болатын. Осы  құжаттың  негізінде  генетикалық зертхана  салынды.

Ғылыми, молекулярлы-генетикалық зертхананың басты мақсаты заманауи  үлгіде генетикалық дисфункция мен түрлі патологияны нуклеинді қышқылдар арқылы  емдеу.

Қытайлық CapitalBio компаниясымен бірлесіп, диагнозды дер  кезінде қою мүмкіндіктерін кеңейтумен қатар,  ДНҚ чиптеріне ғылыми-зерттеу   әдістерін енгізу шаралары жүргізілуде. Осындай тәсілдер арқылы бір уақытта 1000-ға жуық функционалды маңызы бар гендерді талдауға және кариотипирлеу стандарттарын анықтауға болады. Нәтижесінде  250-ден астам ауыр генетикалық синдромға тосқауыл қоюға болады.

Онкологияда молекулярлы-генетикалық диагностиканы пайдалану  айрықша маңызды. Өйткені, зертханада  қатерлі ісіктерді молекулярлық сипатына қарай емдеудің  оңтайлы схемасы әзірленеді.  Әрбір науқасқа жеке-дара талдау терапиясы тағайындалады.

Елімізде алғаш рет ашылып отырған  генетикалық зертхана жаман аурудың алдын-алып, пациенттерді  тиімді емдеуге септігін тигізбек.

КЕРІ ҚАЙТУ