Жоғалған дәптер…

2.07.2018 06:21
111

Ол жастайынан тұлға болсам деп армандады. Ерең еңбегімен елге сіңсем деді. Дәрігер болуды өмірінің ең үлкен мақсаты деп білді. Бұралаңы көп, соқтықпалы, соқпақсыз сара жолмен сүрінбей өтіп, ақыры арманына жетті. Ол құдіреті күшті асау жүректің тілін тауып, өмір мен өлімнің арасында тұрған талай науқасқа араша түсіп, аман алып қалды. «Сырлы кесенің сыры кетсе де сыны кетпейді…» деген, тұлғасы әсем, биязы, Ұлттық ғылыми медициналық орталығындағы жедел және шұғыл кардиология бөлімінің меңгерушісі, профессор – Абсеитова Сәуле Райымбекқызын әңгімеге тарттық.

-Сәуле Райымбекқызы, саналы ғұмырыңызды адам емдеу ісіне арнадыңыз. Оның ішінде адам ағзасының сұлтаны – жүректі зерттеп, оны емдеудің жаңа тәсілдерін отандық медицинаға енгізген еліміздегі білікті кардиологтардың бірісіз. Неге жүрек?

– Медицина институтын бітірген кезде арманшыл, балауса қыз едік. Алғаш рет кәсіби біліктілікті арттыратын институтқа жолдама алдық. Сөйтіп кардиология кафедрасының меңгерушісі Людмила Соломоновна Каневскаяның дәрісіне қабылдандым. Ұлағатты ұстазбен кездескен соң менің тағдырым күрт өзгерді. Енді мен кім болатынымды, өмірімді қандай салаға арнайтынымды анық білдім. Бұл кісі медицинадағы темірқазығымды табуға зор ықпалын тигізді. Өмірде жаратылысы бөлек, болмыс-бітімі ерекше  жандар болады. Мен білетін Людмила Соломоновна сондай еді. Оның әрбір дәрісі сірескен теория емес, кардиология әлеміне жасалған танымдық саяхат болатын. Ол кісінің аузынан шыққан әрбір сөзін дәптеріме түртіп алып, тұмарымдай сақтап жүрдім. Бұл дәптер өмірдерекке, қалтарысы көп кардиологияның қыр-сырларына, оқиғаға, жасампаз рухты, мәдениеті жоғары қанатты сөздерге бай еді. Сөйтіп жүргенде шабытымды оятушы құнды дәптерім жоғалып кетті. Көп іздедім, таппадым. Өмірімнің желкенді қайығы, заңғар тұлға – ұстазыммен байланысым осылайша үзіліп қалғандай болды. Алайда кейін «Острый коронарный синдром» оқулығын жазып, оны Людмила Каневскаяға арнадым. Бұл – ұстазға жасаған тағзым мен құрметім еді.

– Кардиология қанат жайып келеді. Күні кешеге дейін жүрекке күрделі ота жасауға дәрменсіз едік. Бір кездері шетел асып, дертіне дауа іздеген науқастарды енді, міне, өзіміздің дәрігерлер емдеп жатыр. Жалпы отандық  медицинаның даму тарихы көзіңіздің алдында өтті емес пе?

– 1980 жылдары өзіміздің кардиологиялық орталығымыз болса екен деп армандадық. Осы арманды көңілге медеу етіп, 20 жыл бойы қызмет еттік. Ол кезде жалпы әлем бойынша кардиология енді ғана дамып келе жатқан еді. 90-шы жылдары жалақысыз жүрсек те, алған бағытымыздан танбадық. Себебі адамның өмірінде дәрігердің алатын орны ерекше екенін жете түсіндік. Көмекке зәру науқастардан бас тарту – кәсібіне жасаған сатқындық болар еді. Уақыт өте көш түзелді. Ел еңсесін тіктеп, экономикалық ахуал түзелді.

2007-ші жылы Денсаулық сақтау министрлігі 2007-2009 жылдарға  арналған халыққа кардиологиялық қызмет көрсету бағдарламасын қабылдаған-тын. Бұл жоба еліміздегі кардиология саласының дамуына тың серпін берді. Осы  тұста айта кеткен жөн, Ұлттық ғылыми медициналық орталығы алғаш рет жүрекке коронарлы отаны 2004 жылдан бастап қолға алған еді. Ол кезде бұл клиника біз үшін ой түзейтін, бой түзейтін алдыңғы қатарлы білім, әрі медицина орталығы-тын, қазір де солай. Министрлік ұсынған бағдарламаны  ҰҒМО-ның Басқарма Төрағасы Абай Қабатайұлы іс жүзіне асырып, бақылауында ұстады.

«Талаптыға нұр жауар» дегендей, 2010-шы жылы Астанаға жол түсіп, осы клиникада қызмет ету мәртебесі бұйырды. Ауруханада науқасты емдеуде ғылыми, клиникалық, үнемі жаңа инновациялық технологиялар қолданылады. Жалпы ҰҒМО мықты дәрігерлерді даярлайтын шеберхана болып есептеледі. Осы орталықта қызмет еткен әрбір маман өз саласының үздігі екендігін тәжірибеде көрсетті. 2011 жылдан бастап жедел коронарлы синдромды емдейтін дәрігерлердің бір шоғырын оқыттық. Содан соң бұл бағдарлама барлық облыс орталықтарында енгізілді. Жылына 600-ге жуық мамандарды даярладық.

– Бүгінде ҰҒМО-дағы кардиология бөлімінің деңгейі дамыған шет мемлекеттердікімен салыстырғанда қандай дәрежеде?


– Жүректің қызметі күшті болғанымен, өте нәзік ағза. Кейде жүрек  талмасымен түскен науқастардың кеселі көп жылдық тәжірибеге, ең озық әдіс, технологияларға бағынбай жатады. Сол себепті біз клиникаға ауыр халде жеткізілген пациенттерге арнап жедел кардиология бөлімін аштық. Бұл бөлім халықаралық құжаттама негізінде жасақталған. Миокард инфарктына шалдыққан адамға алғашқы минуттарда көрсетілген медициналық көмек – оның болашағын айқындайтын болады. Өкінішке орай, аталмыш диагноз жылдан жылға жасарып келеді. Сыр бермей, жасырын өршіп, асқынған кесел кенеттен тап берген кезде дәрігерлер дұрыс ем қолданбаса, науқастың өмір бойына мүгедек болып қалу қаупі бар. Тіпті дүниеден өтіп жатқандары да жетерлік.

Мәселен 2017 жылы клиникамызда Chest Pain Unit (кеудеге қадалған шаншу) бөлімі ашылды. Кардиологтардың Еуропалық қауымдастығының 16 сарапшысы осы бөлімнің қызметін айқындайтын құжат қабылдады. Біз осы бағдарламаның негізде жұмыс жасаймыз. Өлім алдында тұрған науқасты бірден зертханаға жатқызып, катаризацияны іске қосамыз. Сонымен бірге жүрек тұсы ауырсынып, шаншу белгілері жиелей түскен пациенттерге жүйелі түрде кардиограмма жасалады. Қажет болған жағдайда кардиографиядан да өтеді. Бір ғана жедел коронарлы синдромның тылсым ақаулары өте көп. Оны анықтаудың әдістері әрқилы. Соны дер кезінде  қолға  алып емдеу науқасқа да, бізге де байланысты.

Пациентке алғашқы көмек көрсетілді делік. Жағдайы бір қалыпты. Интенсивті терапиядан палатаға ауыстырылды. Кенеттен кеселі асқынып, талмасы қайта ұстаған кезде өтпелі интенсивті бөлімінде мониторда жатуы тиіс. Мұндай науқастарды бақылап, баптап ұстағанымыздың  арқасында 4-6 күнде аяқтарына тез тұрып кетеді.

Беті бері қарап, дертінен айыққан адамдарды оңалтудан өткіземіз. Мұндай  кешен елімізде бізде ғана бар. Жатын орындары да белгіленген. Арнайы оқытылған кардиолог-реабилитологтар пациенттерге дәрі-дәрмектерді дұрыс  қабылдауды, тамақтануды, эхо стресс арқылы анықталған дене шынықтыру бағдарламасын үйретеді.  Әлеуметтік ортаға  қайтадан  бейімделіп, дәрігердің кеңесімен өмір сүру өте маңызды. Себебі «қайта шапқан жау жаман…» демекші,  келесі талма науқастың өмірін қиып кетуі әбден мүмкін.

Айта кету керек, Американың Дьюка Университетімен біріге отырып, инфаркт миокардына душар болған науқастарды бесінші күні бағаналы жасушалар арқылы емдейміз.

-Сұхбат алу үшін сізді іздеп жүргенімде байқағаным, бөлімшеңізде науқастар өте көп. Мұнда жұмыс қайнап жатыр. Демек жүрегі ауыратын адамдардың қатары көп болғаны ғой?

-Ертеректе жедел коронарлы синдром диагнозын түбегейлі емдемейтін. Тек инфарктты ауыздықтау үшін ғана ем-дом қолданылатын. Кейін 1996 жылы австриялық ғалым Харри Уайд бұл терминді ресми түрде клиникалық практикаға енгізді. Артынша 2003 жылы Кардиологтардың Еуропалық қауымдастығы жедел коронарлы синдромды емдейтін құжат қабылдады. Онда инфаркт алған науқастың жүрегіне стент қою әдісі жазылған. Бұл тәсіл 2003 жылдары Еуропада кеңінен қолданылып жүрді. Ал, біз бұл бағдарламаны 2005-2007 жылдан бастап іс жүзіне асыра бастадық.

Егер 90-шы жылдары кардиология саласы дәл қазіргідей қарқынмен дамиды дегенді естісем, сенбес едім. Өйткені бүгінгі отандық медицина біздің болжағанымыздан да асып түсті. Орталыққа келіп жатқан пациенттердің басым көпшілігінің кеселі қарапайым гипертониядан басталған. Гипертония – дәрілермен емделетін ауру. Алайда адамдар оған мән бермей асқындырып алады. Нәтижесінде жүрекке салмақ түсіп, өте ауыр халге душар болады. Әсіресе егде кісілер. Жастар жағы керісінше денсаулығына мән бере бастаған сыңайлы. Пайдалы тағамдар тұтынады. Спортпен шұғылдану мәдениеті қалыптасып келеді. Бірнеше тіл біледі. Мағжан ақын айтқандай: «Мен жастарға сенемін!».

-Дәрігер болмағаныңызда кім болар едіңіз?

-Дизайнер.

– Сөзіңіз аузыңызда, өте қарбалас, адамның өмірі үшін арпалысып жатқан салада еңбек етесіз. Алайда келбетіңізге қарасам, мінберге шығып, сөз сөйлейтін адамға ұқсайсыз. Бойыңыз әлі тіп-тік, сымбатты. Мұнын сыры неде?

– «Өзіңді өзің жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» деген бір-ақ ауыз сөзбен осы сұрағыңызға жауап берер едім. Адам әуелі өзін сыйлап үйрену керек. Әйел кез келген жасында гүл болуы тиіс.

-Кардиолог қандай болу керек?

– Жалпы адамның жаны жүрегінде деп есептеймін. Кардиолог-дәрігер мобильді, білімді, елгезек, адамгершілік құндылығы жоғары болуы тиіс. Жас мамандарға өткізетін дәрістерімде айтатыным, алдыңызға келген науқас үшін о дүниеге аттанар сәттегі көріп тұрған соңғы адам бәлкім, сіз боларсыз. Сол үшін пациенттермен мейірімді болыңыздар деймін.

Сұхбаттасқан: Лаура Бекжігіт

КЕРІ ҚАЙТУ