Дәстүрлі қытай медицинасы бөлімінің ресми ашылу салтанаты

«Бүгінгі шара екі жақ үшін де өте маңызды. Аталмыш бөлімнің ашылуына орталықтың бірқатар мамандарымен қатар Қытайдағы әріптестеріміз зор үлес қосты. Қазақстандықтар үшін мыңжылдық тарихы бар қытай медицинасының емін білікті дәрігерлердің қолынан қабылдау мүмкіндігі туды. Қытаймен ынтымақтастығымыз нығайып, серіктестігіміз жалғасады деп ойлаймын. У Чжоу мырзаға көрсеткен қолдауы үшін алғысымды білдіргім келеді», — деді басқарма төрағасы Абай Байгенжин.
Орталықта Қытайдың Қарамай қаласының орталық ауруханасынан екі маман ем жүргізеді. Біреуі уқалаумен айналысса, екіншісі ине терапиясымен айналысады.
«Қазақстанда осындай үлкен орталықтың деңгейінде қытай дәстүрлі медицина бөлімінің ашылғанына қуаныштымыз. Бұл біз үшін үлкен мәртебе. Екі аурухананың арасында ғана емес Қазақстан мен Қытай арасындағы бірлікті ұлғайта түстік. Алдағы уақытта өзге жобаларды қарастырып, бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз», — деді У Чжоу.
Сонымен қатар, телемедицина арқылы байланыста Қарамай орталық ауруханасының ұжымы болды.
Бөлімнің ашылуынан кейін қонақтар дәрігерлердің жұмыс орнымен танысып, «Үміт» томотерапия және ядролық медицина орталығына барды.