Ұлттық ғылыми-зерттеу медициналық орталығының (ҰҒМО) балалар кардиохирургия орталығында «Туа біткен жүрек ақаулары кезіндегі жүрек қақпақшаларын қалпына келтіру хирургиясы» тақырыбында халықаралық шеберлік сабағы және оқу курсы ұйымдастырылды. Іс-шараға жетекші шетелдік және отандық мамандар қатысты.
Шеберлік сабағы аясында Мельбурн қаласындағы (Австралия) Корольдік балалар ауруханасының кардиоторакальды хирургі, Мельбурн университетінің профессоры, Жүрек-қан тамырлары геномикасы және регенеративті медицина орталығының директоры, профессор Константинов Игорь Эдуардович балалар кардиохирургия орталығының дәрігерлерімен бірге орталықтың клиникалық және білім беру жұмыстарына белсенді қатысты.
16–20 наурыз аралығында өткен курс барысында қатысушылар балалардағы жүрек қақпақшаларының реконструктивті хирургиясының заманауи тәсілдерін меңгерді. Бағдарлама келесі негізгі бағыттарды қамтыды: • операция алдындағы клиникалық талқылаулар• операция кезіндегі бағалау және реконструктивті араласулар• операциядан кейінгі нәтижелерді талдау• жүрек қақпақша патологиясы бар науқастарды кешенді топтық талқылаулар
Шеберлік сабағына Қытай, Германия және Өзбекстанның жетекші медициналық орталықтарының мамандары қатысты, атап айтқанда:
• Шанхай балалар медициналық орталығы•
Штутгарт клиникалары және Тюбинген университеттік клиникасы
• Ұлттық балалар медициналық орталығы (Ташкент)
Қатысушылар күрделі туа біткен жүрек ақауларын емдеудің заманауи тәжірибелерімен алмасып, халықаралық кәсіби ынтымақтастықты нығайтты. Іс-шара соңында «Ұлттық ғылыми медициналық орталық» АҚ Басқарма төрағасы Абай Байгенжин қатысушыларға сертификаттар табыстады.