Медициналық туризм жөніндегі роуд-шоуға қатысу қандай мүмкіндіктер береді?
— Мұндай халықаралық іс-шараларға қатысу Орталықтың медициналық және ғылыми әлеуетін шетелдік аудиторияға таныстыруға, жаңа іскерлік байланыстар орнатуға және шетелдік серіктестермен ынтымақтастықтың перспективаларын талқылауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар роуд-шоу медициналық туризм географиясын кеңейтуге, шетелдік пациенттерді тартуға, Орталықтың халықаралық деңгейдегі танымалдылығын арттыруға және медициналық қызметтер нарығындағы орнын нығайтуға ықпал етеді.
Роуд-шоу аясында Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың қандай бағыттары мен мүмкіндіктері таныстырылды?
— Іс-шара барысында Орталық қызметінің негізгі бағыттары, заманауи диагностика және емдеу әдістері, инновациялық жасушалық технологиялар мен жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету мүмкіндіктері таныстырылды.
Сондай-ақ шетелдік пациенттерді тарту, медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыру және халықаралық серіктестермен бірлескен жобаларды жүзеге асыру перспективалары талқыланды.
Бүгінде жасушалық терапия қандай бағыттарда қолданылады?
— Біздің клиникада жасушалық технологиялар тірек-қимыл аппаратының аурулары, жүрек-қан тамырлары патологиялары, қант диабеті, аутоиммундық аурулар, бауырдың созылмалы аурулары және зақымдалған тіндерді қалпына келтіру мен созылмалы қабынуды азайтуды қажет ететін өзге де жағдайларда қолданылады.
Қазір дің жасушалары туралы жиі айтылады. Қарапайым тілмен түсіндіргенде?
— Дің жасушалары — бірнеше рет бөлінуге және әртүрлі мамандандырылған жасушаларға айналуға қабілетті ерекше жасушалар.
Осы қасиеттерінің арқасында олар ағзадағы тіндердің табиғи қалпына келу үдерісіне қатысады. Заманауи медицина дің жасушаларының осы әлеуетін ағзаның өзіндік қалпына келу мүмкіндігі жеткіліксіз болған жағдайларда емдеу мақсатында пайдаланады.
Мұндай технологиялар қаншалықты қауіпсіз?
— Қауіпсіздік — біздің жұмысымыздағы басты басымдықтардың бірі. Әрбір жасушалық өнім бірнеше кезеңнен тұратын сапа бақылауынан өтеді.
Бактериологиялық зерттеулер, ПТР-диагностика, микроскопиялық бақылау, цитокиндік профильді талдау және жасушалардың өміршеңдігін бағалау жүргізіледі. Барлық кезең Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің талаптарына сәйкес орындалады.
Бүгінге дейін қандай практикалық тәжірибе жинақталды?
— Соңғы жылдары клиникамызда әртүрлі аурулары бар көптеген пациент ем алды. Бірқатар бағыт бойынша оң динамика байқалады: ауырсыну азаяды, ағзалар мен тіндердің қызметі жақсарады, пациенттердің өмір сүру сапасы артады.
Ең маңыздысы — алынған нәтижелер клиникалық бақылаулармен ғана емес, зертханалық зерттеулермен де расталады.
Бұған дейін шетелдік пациенттерді емдеу туралы айттыңыз. Осы жөнінде толығырақ айтып өтсеңіз.
— Клиникамыз жұмыс істеген уақыт ішінде АҚШ, Қытай, Біріккен Араб Әмірліктері, Кувейт, Үндістан, Ресей және басқа да елдерден келген 300-ден астам пациент ем алды.
Бұл шетелдік пациенттердің біздің мамандарға деген сенімін және көрсетілетін медициналық көмектің жоғары деңгейін көрсетеді.
Жасушалық терапияның болашағын қалай бағалайсыз?
— Біздің ойымызша, регенеративті медицинаның денсаулық сақтау жүйесіндегі маңызы алдағы уақытта арта түседі.
Бүгінде жасушалық технологиялар ауру белгілерін азайтумен қатар, зақымдалған тіндердің қалпына келу үдерістерін қолдауға және ағзаның табиғи регенерациялық тетіктерін белсендіруге мүмкіндік береді. Сондықтан бұл бағытты дамыту Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың негізгі басымдықтарының бірі болып қала береді.
Алғыс
Роуд-шоуды жоғары деңгейде ұйымдастырып, тәжірибе алмасуға және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға арналған тиімді алаң қалыптастырғаны үшін ұйымдастырушыларға шынайы алғысымызды білдіреміз.
Әртүрлі елдерден келген пациенттер үшін заманауи жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған ынтымақтастық пен жаңа бірлескен бастамалар алдағы уақытта да жалғасады деп сенеміз.