Мұндай пациенттер үшін дәрігерлердің жағдайды кешенді бағалап, емдеуді қауіпсіз ұйымдастыру жолын анықтай алуы аса маңызды. Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың жалпы және торакальды хирургия бөлімінің мамандары дәл осындай күрделі клиникалық жағдайлармен жұмыс істейді.
Күрделі клиникалық жағдайларда шешімдер қалай қабылданатыны, бүгінде бөлімде қандай операциялар жасалатыны және заманауи хирургияның қандай мүмкіндіктері тіпті күрделі пациенттер үшін де шешім табуға көмектесетіні туралы біз ҰҒМО жалпы және торакальды хирургия бөлімінің басшысы Әнуар Маратұлы Әбдікәрімовпен сөйлестік.
Әнуар Маратұлы Әбдікәрімов – жоғары санатты хирург, медицина магистрі, ҰҒМО жалпы және торакальды хирургия бөлімінің басшысы. Мамандануы – хирургиялық онкология. Оңтүстік Кореяда, Францияда, Ресейде, Литвада, Австрияда және БАӘ-де кәсіби тағылымдамалардан өткен. Асқазан, өңеш, тоқ және тік ішек ісіктері кезінде ашық және аз инвазивті операциялар, сондай-ақ бауыр мен ұйқы безінің көлемді резекцияларын орындайды.
Әртүрлі хирургия бағыттары бірлесіп жұмыс істейтін бөлім
ҰҒМО-ның (Астана қаласы) жалпы және торакальды хирургия бөлімі әдетте хирургияның жеке бағыттары ретінде қарастырылатын бірнеше саланы біріктіреді. Мұнда құрсақ және кеуде қуысы ағзаларына жасалатын операциялар, онкологиялық хирургия, сүт безі ісіктерін емдеу, интервенциялық және тамырлық хирургиялық ем жүргізіледі. Мұндай үйлесім әртүрлі бейіндегі мамандардың қатар жұмыс істеуіне және қажет болған жағдайда күрделі клиникалық міндеттерді бірлесіп шешуіне мүмкіндік береді.
– Әнуар Маратұлы, бөліміңіз туралы айтып берсеңіз. Бөлімде хирургияның қандай негізгі бағыттары ұсынылған?
– Біздің бөлім жалпы және торакальды хирургия бөлімі деп аталады. Оның ерекшелігі – мұнда бірден бірнеше бағыт біріктірілген: жалпы хирургия, құрсақ қуысы және кеуде қуысы ағзаларының хирургиясы. Бұл жалпы хирургиялық бейін, оның шеңберінде жоспарлы операцияларды орындаймыз, сондай-ақ онкологиялық хирургиямен – қатерлі де, қатерсіз де ісіктерді емдеумен айналысамыз.
Бөлім құрамында сүт безі ісіктерін емдеумен айналысатын маммологиялық қызмет те бар. Тағы бір бағыт – интервенциялық онкология. Бұл – ісікке әсер ету тамыр арқылы жергілікті түрде жүзеге асырылатын аз инвазивті әдістер.
Мәселен, бауырдың кейбір ісіктері кезінде бауыр тамырларына арнайы катетер сан артериясы арқылы енгізіліп, ісікке тікелей әсер етіледі. Интервенциялық онкологияға радиожиілікті және микротолқынды абляция сияқты әдістер де жатады. Ісікке жұқа антеннаға ұқсайтын арнайы құрылғы енгізіледі, ол арқылы энергия беріледі. Энергия ісікті қыздырады, нәтижесінде ісік тіні бұзылады.
Сонымен қатар бізде тамырлық хирургия да ұсынылған. Бұл бағыт артериялар мен веналардың, негізінен шеткері тамырлар мен аяқ тамырларының ауруларымен айналысады. Атап айтқанда, біз веналардың варикозды ауруын және артерия саңылауының тарылуына әкелетін атеросклероздық өзгерістерді емдейміз.
Сондықтан мен біздің бөлімді бірегей деп санаймын: мұнда хирургияның көптеген бағыттары бір жерде ұсынылған. Бұл пациенттің қауіпсіздігі тұрғысынан да маңызды: қажетті мамандар бір-біріне жақын орналасқан және қажет болған жағдайда емдеудің оңтайлы тактикасын таңдау үшін бірлесіп жұмыс істей алады.
Жай ғана мамандар емес, біртұтас команда
Қуаттты хирургиялық бөлім – бұл тек жекелеген дәрігерлердің тәжірибесі ғана емес. Әр маманның өз бағыты болуы, команданың үнемі дамуы, білім мен тәжірибенің жас дәрігерлерге берілуі маңызды. Жалпы және торакальды хирургия бөлімінде дәл осындай тәсілге басымдық беріледі: мұнда әртүрлі бейіндегі мамандар жұмыс істейді, өздерінің жас дәрігерлерін оқытады және Қазақстандағы әрі басқа елдердегі әріптестерімен тәжірибе алмасуды тұрақты түрде қолдайды.
– Әнуар Маратұлы, командаңыз туралы айтып беріңізші.
– Біздің дәрігерлеріміз салыстырмалы түрде жас – орташа жасы шамамен 40 жасты құрайды. Сонымен қатар екі дәрігердің медицина ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесі бар, ал барлық негізгі мамандардың жоғары біліктілік санаты бар.
Соңғы екі жылда бізге әлі санаты жоқ төрт жас дәрігер келді. Олардың екеуі Назарбаев Университетін бітірген – олар өте мықты түлектер. Тағы екеуі резидентураны тікелей біздің бөлімде өтті. Біз оларды өзіміз дайындап, командада жұмыс істеуге қалдырдық.
Менің ойымша, бұл жақсы көрсеткіш: біз дайын мамандарды ғана қабылдап қоймаймыз, жас дәрігерлерді бөлім ішінде де оқытамыз. Олардың қалай жұмыс істейтінін көрдік, мүмкіндіктерін білеміз және командаға кімді қабылдайтынымызды түсінеміз.
– Қызметкерлеріңіз біліктілігін және білім деңгейін арттыру бойынша қандай жұмыс атқарады?
– Біздің дәрігерлер тұрақты түрде шетелдік тағлылымдамалардан – жақын шетел елдерінде де, басқа мемлекеттерде де өтеді. Сонымен қатар өзіміз де тағылымдамалар, форумдар мен шеберлік сабақтарын өткіземіз.
Мысалы, жақын уақытта Мәскеуден шақырылған профессордың қатысуымен үлкен шеберлік сабағы өтеді. Қабынбалы ішек ауруы – ойық жаралы колитпен ауыратын пациентке хирургиялық ем жүргізіледі. Бұл – өте өзекті мәселе. Шеберлік сабағынан кейін үлкен конференция өткізуді жоспарлап отырмыз.
Бүгінде дәрігерлердің кәсіби дамуы үшін мүмкіндіктер әлдеқайда көп. Көптеген мамандар шет тілдерін меңгерген, сондықтан шетелдік конференцияларға қатыса алады, ғылыми жарияланымдарды оқиды, операциялардың бейнежазбаларын көреді және хирургиядағы жаңа тәсілдермен танысады.
Біздің бөлім және жалпы клиника Қытай, Ресей, Корея, Үндістан сияқты әртүрлі елдердің ірі клиникаларының дәрігерлерімен кәсіби байланыстар жасайды. Бізде тәжірибе және ақпарат алмасу үнемі жүріп отырады. Біз мұндай ынтымақтастыққа жасауға дайынбыз және кәсіби даму үшін барлық мүмкіндіктерді пайдалануға тырысамыз.
Біздің тағы бір күшті жағымыз – команда ішіндегі мамандану. Бір хирург бәрімен қатар айналыспайды. Әр дәрігер өз бағыты бойынша жұмыс істейді: тамыр хирургтары тамырлық хирургиямен, маммологтар сүт безі ауруларымен және т.б. айналысады.
Сондықтан мен былай дер едім: бізде көптеген мықты мамандар бар және олардың әрқайсысы – жұлдыз, бірақ ең бастысы – олардың біртұтас команда ретінде жұмыс істеуі.
Егер пациентте бірден бірнеше күрделі диагноз болса
Ауыр қатар жүретін аурулар болған кезде хирургиялық емдеу әрдайым бір ғана мамандықпен шектелмейді. Операция алдында пациенттің жағдайы мен ауруының ерекшеліктеріне қарай кардиолог, аритмолог, гематолог, анестезиолог немесе басқа дәрігердің қатысуы қажет болуы мүмкін.
ҰҒМО-да әртүрлі бейіндегі мамандар бір медициналық орталық аясында жұмыс істейді және пациентті операцияға дайындауға, сондай-ақ емдеу тактикасын таңдауға бірлесіп қатыса алады.
– Әнуар Маратұлы, күрделі хирургиялық пациенттер үшін көпбейінді медициналық орталықта әртүрлі бейіндегі мамандарды тарту мүмкіндігінің маңызы қаншалықты?
– Мен өз тәжірибемді мамандандырылған медициналық мекемеде – онкологиялық орталықта бастадым. Мұндай тар бейінді клиникалардың өз артықшылықтары бар: барлық жағдай мен мамандар бір бағытты – онкологияны емдеуге шоғырланған. Бірақ ауыр пациентте онкологиялық аурудан бөлек күрделі қатар жүретін патология болған кезде мәселе туындайды. Жеке онкологиялық орталық жағдайында мұндай пациентті толыққанды емдеу қиын болуы мүмкін.
Мысалы, жақында біздің бөлімге асқазан ісігі бар 84 жастағы пациент түсті. Ауру тарихында жүрекке жасалған операциялар, стенттеу, қан жүйесіне қатысты мәселелер және тромбоциттер деңгейінің төмендігі болған. Тексеру барысында біз пульстің айқын төмендегенін де анықтадық.
Консилиум өткізіліп, кезең-кезеңімен әрекет ету туралы шешім қабылданды. Алдымен аритмологтар уақытша кардиостимулятор орнатып, қажетті жүрек ырғағын қалыптастырды. Содан кейін гематологтар мен анестезиологтардың бақылауымен пациентті операцияға алдық. Бақытымызға орай, ол операцияны сәтті өткерді.
– Мұндай күрделі патологиялары бар пациенттер сіздерге жиі түсе ме?
– Біз тәжірибемізде кардиохирургтармен бірлесіп 31 операция жүргіздік. Бұл – бір мезгілде ауыр жүрек ауруы және онкологиялық ауруы болған пациенттер. Мысалы, адамға аортокоронарлық шунттау немесе жүрек қақпақшаларына операция қажет болады, бірақ сонымен қатар ісік анықталады. Керісінше де болады: пациент онкологиялық диагнозбен келеді, ал тексеру барысында хирургиялық емдеуді қажет ететін жүрек патологиясы анықталады.
Мұндай пациенттер үшін жағдай өте күрделі. Онкологиялық орталықта ауыр жүрек патологиясы операция жасауға кедергі болуы мүмкін, ал кардиохирургиялық орталықта онкологиялық аурудың болуы қиындық туғызады. Сондықтан бірден екі мәселені ескере отырып ем жүргізу мүмкіндігін іздеуге тура келеді.
Көпбейінді орталық жағдайында біз мұндай араласуларды бірлесіп орындай аламыз: екі операция бір мезгілде, бір наркозбен жасалады.
Кез келген пациент операция алдында қорқыныш пен алаңдаушылық сезінеді. Мен пациенттерге біздің орталықтың артықшылығы туралы әрдайым айтамын: бізде іс жүзінде барлық қажетті мамандар бар. Нейрохирургтар, аритмологтар, кардиологтар, кардиохирургтар, негізгі терапиялық бағыттардың мамандары жұмыс істейді.
Сондықтан пациент кешенді көмекті бір жерде ала алады. Егер операцияға дайындық кезінде немесе операция барысында басқа маманды тарту қажеттілігі туындаса, біз мұны іс жүзінде бірден жасай аламыз.
Күрделі жағдай: емдеудің басқа нұсқалары тіптен қалмаған кезде
Команда жұмысының маңызды көрсеткіштерінің бірі – пациентке бұған дейін хирургиялық емнен бас тартылған жағдай. Мұндай жағдайларда шешім тек операцияның техникалық күрделілігіне байланысты емес, барлық тәуекелдерді бағалағаннан кейін қабылданады.
Әнуар Маратұлы бүйрек ісігі ірі тамырларға таралып, жүрекке дейін жеткен пациент туралы айтып берді.
– Өзіңіз жасаған ең күрделі операция туралы айтып бере аласыз ба?
– Екі жыл бұрын бізге бүйрек ісігі бар пациент түсті. Ісік үлкен болған, бүйрек венасына, кейін төменгі қуыс венаға таралып, жүрекке дейін жеткен. Ісік процесінің мұндай таралуы бүйрек ісіктері кезінде кездесуі мүмкін.
Бізге жүгінгенге дейін пациентке үш ауруханада операция жасаудан бас тартқан. Біз Қытайдағы ірі университеттік клиникамен телемост өткіздік – олар да операцияны аса жоғары тәуекелді деп бағалап, одан бас тартуды ұсынды. Сондықтан біз пациентке жоғары тәуекелдер туралы түсіндіріп, бастапқыда өзіміз де операция жасаудан бас тарттық.
Бірақ кейін пациент өз бетінше бізге қайта жүгінді. Ол барлық тәуекелдерді түсінді және басқа емдеу мүмкіндіктері іс жүзінде қалмағандықтан, операция жасауды сұрады.
Нәтижесінде біз кардиохирургтармен бірлесіп, шамамен 10 сағатқа созылған операция жасадық. Бүйректегі ісік және оның жүрек аймағына таралған бөлігі алынды. Қазір екі жыл өтті. Пациент мамандарымыздың бақылауында мерзімді түрде тексеріліп тұрады және қалыпты өмір сүріп жатыр.
Осы жағдайдан кейін біз тағы бір ұқсас операция жасадық. Яғни бұған дейін хирургиялық емнен бас тартылған, аса күрделі ісік процестері бар екі пациентті емдеу тәжірибеміз бар.
Әрине, мұндай операцияларды кез келген хирургиялық бөлімде орындау мүмкін емес. Бірақ пациенттер де, дәрігерлер де Қазақстанда осындай күрделі араласулардың жасалатынын білуі керек.
– Сіздің ойыңызша, неге бәрі бірдей Қазақстанда операция жасауға келісе бермейді?
– Өкінішке қарай, қоғамның бір бөлігі біздің медицинаны қызмет көрсету саласы ретінде қарастырады және отандық медицина шетелдік медицинадан төмен деп ойлайды. Сондықтан кейбір пациенттер басқа елдерге барғанды жөн көреді. Бірақ мұның кері жағы да бар: бізге емделуге басқа елдерден пациенттер келе бастады. Қазақстандағы медициналық туризм біртіндеп дамып келеді, дегенмен бұл туралы әзірге кеңінен айтыла бермейді.
Біз күрделі операциялардың сәтті нәтижелерін көрсетуге, конференциялар өткізуге, тәжірибемізбен әріптестерімізбен бөлісуге тырысамыз. Мысалы, жүрек-қантамыр және онкологиялық патологиялары қатар кездескен 31 пациентке қайта оралсақ, бұл топтағы бес жылдық өмір сүру көрсеткіші 87%-ды құрады.
Біз үшін бұл ең алдымен өте күрделі аралас диагноздары бар пациенттердің де кейбір жағдайларда хирургиялық ем алу және одан кейін өмірін жалғастыру мүмкіндігіне ие бола алатынын білдіреді.
Технологиялар хирургиялық операцияларға көзқарасты қалай өзгертеді
Аз инвазивті хирургия – үлкен хирургиялық қолжетімсіз, шағын тіліктер немесе пункциялар арқылы жасалатын операциялар. Пациент үшін бұл, әдетте, араласудың жарақаттылығының аз болуын, тезірек қалпына келуді және операциядан кейінгі іздердің аз байқалуын білдіреді.
Жалпы және торакальды хирургия бөлімінде операциялардың 80%-дан астамы эндоскопиялық әдіспен орындалады.
Сонымен қатар аз инвазивті әдіс барлық жағдайда қолайлы бола бермейді. Әдісті таңдау ауруға, оның ерекшеліктеріне және пациенттің жағдайына байланысты. Бөлімде қандай заманауи технологиялар қолданылатыны және дәрігерлер емдеудің оңтайлы әдісін қалай анықтайтыны туралы доктор Әбдікәрімовке келесі сұрақты қойдық.
– Әнуар Маратұлы, бүгінде бөлімде қандай заманауи технологиялар мен аз инвазивті әдістер қолданылады?
– Қазіргі хирургиядағы негізгі үрдіс – аз инвазивті араласуларға көшу. Біздің жалпы және торакальды хирургия бөлімінде лапароскопиялық және торакоскопиялық операциялар, яғни шағын тіліктер арқылы жасалатын араласулар орындалады.
Әлемде хирургия біртіндеп дамудың келесі кезеңіне – роботтандырылған хирургияға көшіп келеді. Өкінішке қарай, Қазақстанда мұндай технологиялар әзірге толыққанды клиникалық форматта ресми түрде ұсынылмаған: тек демо-нұсқалары бар.
Ал эндобейнехирургия бізде толық көлемде ұсынылған. Мысалы, ұйқы безі басының ісіктері кезінде жасалатын панкреатодуоденальды резекция сияқты күрделі операцияны біз эндоскопиялық әдіспен орындаймыз. Бұл техникалық тұрғыдан ең күрделі операциялардың бірі: оның барысында бірнеше ағза немесе олардың бөліктері алынады, содан кейін ас қорыту жолының қалыпты жұмысы қалпына келтіріледі.
Біздің бөлімдегі барлық операциялардың 80%-дан астамы эндоскопиялық әдіспен орындалады.
Онкологияда да ісіктерді емдеудің аз инвазивті әдістерін қолданамыз. Тамырлар арқылы қолжетімділікті пайдаланып, жағдайға қарай ісіктің қанмен қамтамасыз етілуін азайтамыз немесе дәрілік препаратты тікелей ісікке жеткіземіз. Сондай-ақ ісікке жергілікті әсер ету әдістері, мысалы, жоғары температураның әсерінен ісік тінін бұзатын радиожиілікті абляция қолданылады.
Тамырлық хирургияда да аз инвазивті әдістер кеңінен қолданылады. Мысалы, асқынбаған варикозды ауруды радиожиілікті абляция көмегімен емдеуге болады: зақымдалған вена жабылып, біртіндеп қан айналымынан шығарылады.
Ангиохирургияда артериялар тарылған кезде алдымен контрастты зерттеу көмегімен тарылған учаскелер анықталады. Содан кейін көрсетілімдерге байланысты баллонды ангиопластика жүргізіп, тамыр саңылауын қалпына келтіру үшін стент орнатуға болады.
Біздің барлық хирургиялық еміміз жоспарлы түрде жүргізіледі, шұғыл операциялар жасалмайды, сондықтан пациентті мұқият тексеріп, аз инвазивті араласуға дайындауға мүмкіндігіміз бар.
– Аз инвазивті араласу жеткіліксіз болатын жағдайлар кездесе ме?
– Әрине, кейде ашық операцияларға жүгінуге тура келеді. Мысалы, егер пациентке бұрын хирургиялық араласулар жасалып, айқын дәнекер болса немесе нақты операцияны аз инвазивті қолжетімділік арқылы орындау мүмкін болмаса.
Мысалы, эхинококкоз сияқты кейбір паразиттік аурулар кезінде хирургиялық емдеу ашық қолжетімділікті қажет етуі мүмкін. Онкологияда да үлкен немесе анатомиялық тұрғыдан күрделі ісіктер кездеседі, оларды қауіпсіз түрде тек толыққанды хирургиялық қолжетімділік арқылы алып тастауға болады.
Сондықтан біз әдісті әрдайым нақты жағдай мен пациенттің ахуалына қарай таңдаймыз. Аз инвазивті хирургия – мақсаттың өзі емес, мүмкін болған жағдайда қажетті араласуды ең аз жарақаттылықпен орындауға мүмкіндік беретін құрал.
Хирургия цифрларда
Бөлімнің кеңеюі – бұл тек төсек санын арттыру ғана емес, сонымен қатар көбірек пациент қабылдап, көбірек операция жасау мүмкіндігі. Соңғы бір жылда жалпы және торакальды хирургия бөлімі 28-ден 60 төсекке дейін кеңейді, ал хирургиялық көмектің көлемі айтарлықтай өсті.
– Әнуар Маратұлы, бөлім кеңейгеннен кейін хирургиялық көмектің көлемі қалай өзгерді?
– Өткен жылға дейін біздің бөлімде 28 төсек болды және бір жыл ішінде шамамен 1100–1200 операция жасайтынбыз. Қазір бөлім 60 төсекке дейін кеңейді, ал осы жылдың алғашқы алты айында ғана шамамен 1100 операциялық араласу жүргіздік. Жыл соңына дейін шамамен 2000 операцияға жетуді жоспарлап отырмыз.
Хирургиялық белсенділік деген көрсеткіш бар. Бұл – емдеуге жатқызылған пациенттердің жалпы санынан хирургиялық араласу жасалған пациенттердің үлесі.
Біздің бөлімнің хирургиялық белсенділігі 98%-ды құрайды. Яғни емдеуге жатқызылған пациенттердің іс жүзінде барлығына жоспарлы хирургиялық ем жүргізіледі. Қалған 2%-ы — шарттық негізде түсетін пациенттер, операциядан кейінгі науқастар, толық қалпына келгенге дейін бөлімде қалуды қалайтын пациенттер, сондай-ақ чекаптан, қосымша тексеруден немесе операцияға дайындықтан өтіп жатқан пациенттер.
Біз барған сайын танымал болып келеміз, пациенттер біздің мүмкіндіктеріміз туралы көбірек хабардар болуда.
Әрине, ұсыныстар да үлкен рөл атқарады. Бізде ем алған пациенттер бөлімімізді таныстары мен туыстарына ұсынады. Біз үшін бұл пациенттердің сенім білдіруінің көрсеткіштерінің бірі.
Жоспарлы операция қажет болса, неден бастау керек
Егер пациентке жоспарлы хирургиялық ем қажет болса, қажетті тексерулерден алдын ала өтіп, одан әрі емдеу тактикасын анықтау маңызды. ҰҒМО-да жүгінудің бірнеше жолы қарастырылған – емдеу жатқызу порталы арқылы немесе шарттық негізде. Сондай-ақ хирургпен алдын ала кеңес алу мүмкіндігі бар.
– Пациент сіздерден жоспарлы емді қандай жолмен ала алады?
– Біздің бөлім тек жоспарлы хирургиямен айналысады – шұғыл операциялар жасамаймыз. Жоспарлы хирургия ауруы шұғыл хирургиялық араласуды қажет етпейтін, бірақ емдеуді ұзақ уақытқа кейінге қалдыру да қауіпті пациенттерді қамтиды. Оның ішінде онкологиялық пациенттер және жоспарлы операцияны қажет ететін басқа да аурулары бар пациенттер бар.
Емдеуге жатудың негізгі жолы – портал арқылы. Егер пациент басқа қалада болса, оның емханасы тексеру нәтижелерімен, талдауларымен және қажетті құжаттарымен бірге өтінім жібереді. Біз бұл құжаттарды қарап, емдеуге жатқызу туралы шешім қабылдаймыз.
Сондай-ақ шарттық негізде ем алуға болады. Бұл жағдайда пациент шарт жасасып, төлем жүргізеді және портал арқылы емдеуге жатқызуды күту секілді стандартты рәсімінен өтпей-ақ, қажетті тексерулер мен консультациялардан біздің орталықта өте алады.
– Алдымен бөлімнің хирургінен кеңес алуға болады ма?
– Иә, пациент алдымен біздің бөлім дәрігерінен кеңес алу үшін қабыладуына келе алады. Дәрігер пациентті қарап, тексеру нәтижелерін зерделеп, ұсынымдар береді. Осыдан кейін пациент консультациялық қорытынды алып, тұрғылықты жері бойынша емханаға жүгінеді, сол жерде портал арқылы емдеуге жатқызуға өтінім рәсімделеді.
Ұлттық ғылыми медициналық орталықта амбулаториялық-консультациялық орталық бар, онда біздің бөлімнің хирург дәрігерлері қабылдау жүргізеді. Қабылдау ақылы. Пациент алдын ала белгілі бір уақытқа жазылып, жалпы кезекті күтпей, тікелей белгіленген уақытта келе алады. Қажет болған жағдайда тексерулердің бір бөлігін де осы жерде, орталықта өтуге болады.
Бұл әсіресе пациент алдымен хирургтен консультация алып, әрі қарайғы емдеу тактикасын анықтағысы келген жағдайда ыңғайлы.
Әңгіме денсаулық туралы болғанда, уақытты қалай жоғалтпауға болады
Хирургияда уақыттың маңызы зор болуы мүмкін. Кейбір аурулар ұзақ уақыт бойы айқын белгілерсіз өтуі мүмкін, ал адам медициналық көмекке ауру асқынып кеткен кезде жүгінеді. Сондықтан профилактика, өз денсаулығына мұқият қарау және дәрігерге уақытылы жүгіну өте маңызды.
– Әнуар Маратұлы, дәрігер ретінде пациенттерге қандай кеңес бергіңіз келеді? Уақытты өткізіп алмау үшін неге ерекше көңіл бөлу маңызды?
– Өмірде көп нәрсені түзетуге немесе қайтаруға болады. Бірақ жоғалтқан уақытты қайтара алмаймыз. Әсіресе денсаулық туралы сөз болғанда. Сондықтан менің басты кеңесім – бір жеріңіз ауырғанша күтпеңіз.
Көлік иелері өз көлігінің жағдайын қадағалайды: майын, бөлшектерін уақытында ауыстырады, техникалық қызмет көрсетуден өтеді. Неліктен өз денсаулығымызға да осылай мұқият қарай алмаймыз? Күрделі жағдай туындағанша күтудің қажеті жоқ. Жасыңыз бен денсаулық жағдайыңызға сәйкес ұсынылған профилактикалық тексерулер мен медициналық қарап-тексерулерден уақытылы өту маңызды.
Ұзақ уақыт бойы іс жүзінде симптомсыз өтетін аурулар бар. Сондықтан адам өзін толықтай жақсы сезінуі мүмкін, ал патологиялық процесс бұл уақытта дами беруі ықтимал. Чекаптар мен скринингтер дәл осы үшін қажет – аурулар мен ісікалды жағдайларды уақытылы емдеуге болатын кезеңде анықтау үшін.
Пациенттерге тағы да бір маңызды кеңес бергім келеді. Егер сізге бір нәрсе түсініксіз болса, диагнозды немесе дәрігердің неліктен дәл осындай ем ұсынғанын толық түсінбесеңіз – қайта сұраудан қорықпаңыз. Дәрігерден жағдайды тағы бір рет түсіндіруді сұраңыз. Бұл түсінбей кетіп, бірден маман туралы қорытынды жасағаннан әлдеқайда дұрыс.
Егер операцияның қажеттілігіне күмәніңіз болса, екінші пікір алуға болады. Басқа хирургке жүгініп, жағдайыңызды айтып, тексеру нәтижелерін көрсетіңіз. Егер бірнеше тәуелсіз маман бір қорытындыға келсе, бұл ескеруге тұрарлық маңызды дәлел.
Кейде адам өзіне естігісі келген нәрсені айтатын дәрігерді тапқанша дәрігерлерге бара береді. Мұндай жағдайда ең құнды нәрсені – уақытты жоғалтып алуға болады. Мен апта сайын операциядан бас тартқан немесе емдеуді кейінге қалдырған, кейін ауруы асқынып кеткен кезде қайта келген пациенттермен кездесемін.
Сондықтан сізге тағайындалған скринингтік тексерулерден өтуге шақырамын. Профилактикалық тексеруден немесе диспансеризациядан өту мүмкіндігі болса, оны пайдаланыңыз. Тіпті еңбек демалысы кезінде денсаулығыңызбен айналысу үшін бірнеше күн бөлуге болады.
Мен өзім де солай жасаймын: демалыс кезінде жасым мен денсаулық жағдайыма байланысты өтуге тиіс тексерулерден өтемін. Өйткені денсаулық — тек біздің жеке жауапкершілігіміз ғана емес. Әрқайсымыздың отбасымыз, жақындарымыз, жұмысымыз, міндеттеріміз бар. Ал өзімізге қаншалықты жақсы қамқорлық жасасақ, бізге тәуелді жандардың жанында соғұрлым ұзақ бола аламыз.
Бізде бар ең қымбат нәрсе – денсаулық.
ҰҒМО (ННМЦ, Астана) байланыс ақпараты
✅ Ұлттық ғылыми медициналық орталық (Национальный научный медицинский центр)
✅ Мекенжайы: Астана қ., Абылай хан даңғылы, 42
✅ Call-орталық / жазылу: +7 (7172) 57-74-40
✅ ҰҒМО электрондық поштасы: national_clinic@nnmc.kz
✅ Сайт: https://www.nnmc.kz
✅ Instagram: https://www.instagram.com/nnmc.kz